Мен №44 орта жалпы білім беретін мектебінде 19 қыркүйек пен 10 желтоқсан аралығында  педагогикалық сараманнан өттім. Осы мектептің        8 «Б» сыныбына қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндері бойынша сабақ беріп және де сынып жетекшілік қызмет атқардым. Оқу-тәрбие  жұмыстарының жоспарларымен таныса отырып, сынып жетекшісі және пән мұғаліміммен жақын қарым-қатынаста болып, мектепішілік шараларға барынша араласуға тырыстым. Қазақ тілі бойынша 19 сабақ, қазақ әдебиеті бойынша 20 сабақ бердім. Жалпы саны - 39 сабақ. Өткізілген сабақтардың  жоспарын алдын-ала тексертіп, талдап, бекіттіріп отырдым. Қазақ тілі пәні бойынша «Сөйлемнің бірыңғай мүшелері», «Жалаң және жайылма сөйлемдер» сабақтары өз мақсатына жетіп, сәтті өткен сабақтарым болды. Бұл сабақтарымда жаңа тақырыпты қазақ халқының ұлттық дәстүрлерімен астастыра отырып, оқушылардың сабаққа түгелдей дерлік қатысуларын қадағалап, әділ бағалауға тырыстым. Әдебиет пәнінен Махамбет Өтемісұлының «Мұнар күн», Абай Құнанбайұлының «Әбдірахман өлгенде», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» сабақтары оқушылардың аса қызығушылық танытып, өте жақсы белсенділік көрсеткен сабақтары болды. Шәкірттерімді сабақ бере отырып, жеке шығармашылық тұрғыдан дамытуға, алған теориялық білімдерін практика жүзінде қолдана білуге, әр іске жауапкершілікпен қарауға, оқытушымен бірге жұмыстануға үйреттім. Сабақтарымды қызықты өткізу үшін көрнекілік құралдарды, интербелсенді тақтаны, қима қағаздарды, деңгейлік тапсырмаларды қолдандым. Әр сабағымда  қосымша деректер беріп, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыра түстім. Әр сабақты семантикалық карта, тест жұмыстары және өздік жұмыстар  арқылы  қорытындылап отырдым.
Қазақ тілі апталығында ұйымдастырылған 20.09.2011 күні оздырылған «Тілім барда айтылар сөз ойдағы»,  21.09.11 күні ұйымдастырылған Ақмаржан Таубаевамен кездесу кешіне ат салысып,ән айтып өз үлесімді қостым. Тіл апталығының «Талаптың мініп тұлпарын» (5-8 сыныптар аралығындағы, талантты оқушыларды іздеу кеші) атты қорытынды кешін ұйымдастырып, жүргізуші болдым. Кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ұстаздар мен шәкірттердің алғысына бөлендім. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған «Жиырма жұлдызды күн» атты мерекелік шараларында сыныбыммен бірге ат салысып, оқушыларды ұйымдастырдым.
Тәрбие ісі бойынша  тәрбие сағаттарын өткіздім. Әрбір тәрбие сағатын жаңалыққа толы, қызғылықты әрі мазмұнды да мәнді етіп өткізуге  тырыстым.
Әр жұмысты атқаруда пән мұғалімім мен сынып жетекшімнің іс-тәжірибелеріне, ақыл-кеңестеріне көңіл бөліп, талқылап отырдым. Осы мемлекеттік сараманның маған берері, үйреткені, болашақта жақсы мұғалім болып қалыптасуыма қосқан үлесі зор болды.

 

8 "б" сыныбы

Соғыс ардагері Табанияз Табылдиевпен кездесу

Сынып белсенділері

Ақ самалы Жайықтың ақын Ақмаржан Таубаевамен бірге

Шыңғыс Айтматовтың “Ақ кеме” қойылымына барған сәт

1 желтоқсан ЖҚТБ-ға қарсы күрес күні

FaLang translation system by Faboba