Маманды жұмысқа жіберу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде  квота шегiнде педагогтік, медициналық және ветеринарлық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл (село) жастары қатарынан шыққан азаматтардың, сондай-ақ  мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде  педагогтік және медициналық мамандықтар (бакалавриат) бойынша және философия  докторлары (РhD) бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түскен білім алушы азаматтардың жұмысын өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату
қағидалары


1. Жалпы ережелер

1. Осы Маманды жұмысқа жіберу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде  квота шегiнде педагогтік, медициналық және ветеринарлық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл (село) жастары қатарынан шыққан азаматтардың, сондай-ақ  мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде  педагогтік және медициналық мамандықтар (бакалавриат) бойынша және философия  докторлары (РhD) бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түскен білім алушы азаматтардың жұмысын өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидалары (бұдан әрі – Қағида) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленген және маманды жұмысқа жіберу және өз бетімен жұмысқа тұру құқығын беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген өкілі (агенті) – тапсырма шартының негізінде білім беру саласындағы уәкілетті органның атынан және оның есебінен және оның нұсқауларына сәйкес белгілі тапсырмаларды орындайтын тұлға;
2) жас маман – педагогикалық, медициналық және мал дәрігерлік мамандықтар бойынша білім беру гранты бойынша ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға берілетін квота шегінде жоғары білімнің тиісті білім беру бағдарламаларын игерген тұлға, сондай-ақ педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жоғары білімнің тиісті білім беру бағдарламаларын игерген тұлға;
3) философия докторы (PhD) – философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін тағайындау арқылы ғылыми және педагог кадрларды даярлауға бағытталған жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің тиісті кәсіптік білім беру оқу бағдарламасын игерген тұлға.


2. Жас мамандарды және философия докторларын (PhD) жұмысқа жіберу тәртібі


3. Педагогтік, медициналық және мал дәрігерлік мамандықтар бойынша ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға берілетін квота шегінде оқуға түскен білім беру гранты иегерлері жоғары оқу орнын (бұдан әрі – ЖОО) аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл ауылда (селода), кентте, ауылдық (селолық) округте (бұдан әрі – ауылдық жер) орналасқан тиісінше мемлекеттік білім беру ұйымдарында, мемлекеттік медициналық ұйымдарда, мал дәрігерлігі саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлімшелерінде немесе мемлекеттік мал дәрігерлік ұйымдарда жұмысты өтейді.
4. Педагогтік және медициналық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру гранты негізінде оқуға түскен азаматтар ЖОО-ны аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл мемлекеттік білім беру ұйымдары мен медициналық ұйымдарда жұмысты өтейді.
5. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде философия докторы (PhD) бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түскен азаматтар оқуды аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл жоғары оқу орындарында немесе ғылыми ұйымдарда жұмысты өтейді.
6. Жас мамандарды және философия докторларын (PhD) жұмысқа жіберу мақсатында оларды дербес бөлу жүзеге асырылады.
7. Бөлу жөніндегі комиссиялар жыл сайын жас мамандар және философия докторлары (PhD) оқуды аяқтайтын Қазақстан Республикасының тиісті жоғары оқу орындарының жанында құрылады.
Бөлу жөніндегі комиссия туралы ережені уәкілетті органдар бекітеді.
8. Жас мамандарды жұмысқа бөлу және жіберу мынадай тәртіпте жүзеге асырылады:
1) облыстардың жергілікті атқарушы органдары жыл сайын 15 сәуірден кешіктірмей білім беру және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдарға (бұдан әрі – уәкілетті органдар) кадрларға қажеттілік туралы өтінім береді:
ауылдық жерде орналасқан мемлекеттік білім беру ұйымдарында, мемлекеттік медициналық ұйымдарда, мал дәрігерлігі саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлімшелерінде немесе мемлекеттік мал дәрігерлік ұйымдарда кейіннен жұмысқа орналастыру арқылы ұсынылған өтінімдерге сәйкес;
мемлекеттік білім беру ұйымдарында және мемлекеттік медициналық ұйымдарда кейіннен жұмысқа орналастыру арқылы ұсынылған өтінімдерге сәйкес;
2) ЖОО жыл сайын 15 сәуірден кешіктірмей уәкілетті органдарға:
ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға берілетін квота шегінде оқуға түскен;
мемлекеттік білім беру гранты негізінде оқуға түскен бітірушілердің тізімдерін жібереді;
3) уәкілетті органдар жыл сайын 1 мамырдан кешіктірмей тікелей білім беру грантының иелері оқитын ЖОО-ға:
ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға берілетін квота шегінде оқуға түскен білім беру грантының иегерлері оқитын ЖОО-ға ауылдық жерде орналасқан мемлекеттік білім беру ұйымдары, мемлекеттік медициналық ұйымдар, мал дәрігерлігі саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлімшелері немесе мемлекеттік мал дәрігерлік ұйымдары үшін кадрларға қажеттілік туралы өтінімдерге сәйкес ақпарат жібереді;
педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру ұйымдары және мемлекеттік медициналық ұйымдар үшін кадрларға қажеттілік туралы өтінімдерге сәйкес ақпарат жібереді;
4) ЖОО-да жас мамандарды жұмысқа дербес бөлу жөніндегі комиссия құрылады.
9. Жас мамандарды дербес бөлу облыстардың жергілікті атқарушы органдарының кадрларға қажеттілік туралы өтінімдеріне сәйкес уәкілетті органдар ұсынған ақпарат негізінде жүзеге асырылады.
10. Ағымдағы жылы оқуын бітірген жас мамандар 1 тамыздан кешікпей жұмыс орнына жолдама бойынша келеді.
11. Облыстың жергілікті атқарушы органы:
1) жас маман келгеннен кейін бір айдың ішінде білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агентіне жұмыс орны және берілетін әлеуметтік көмек түрі туралы мәліметтерді (болған жағдайда) ұсына отырып, бөлуге сәйкес келгені туралы растау жібереді;
2) жыл сайын 1 қыркүйекке қарай білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агентіне 2012 жылдан бастап жұмыс істеп жатқан жас мамандардың тізімін жібереді;
3) жас маманның жұмыстан шығарылғаны туралы мәліметтер мен растайтын құжаттарды білім беру саласындағы уәкілетті органға жібереді.
12. Мемлекеттік білім беру ұйымдарына және мемлекеттік медициналық ұйымдарға бірінші кезекте бөлу құқығы:
1) жұбайы бос жұмыс орнын ұсынған елді мекенде немесе оған жақын орналасқан елді мекенде тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өтеп жатқан адамдарға;
2) ата-анасының біреуі немесе екеуі де І және ІІ топ мүгедектері болып табылатын адамдарға, сондай-ақ бос жұмыс орнын ұсынған елді мекенде тұрып жатқан адамдардың қамқоршысы және қорғаншысы болып табылатын адамдарға беріледі.
13. Ауылдық жерге жұмысқа жіберілген жас мамандар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік кепілдіктер алады.
14. Философия докторларын (PhD) жұмысқа бөлу және жіберу мынадай тәртіпте жүзеге асырылады:
1) ЖОО және ғылыми ұйымдар тиісті бос жұмыс орны болған жағдайда жыл сайын 15 сәуірден кешіктірмей білім беру саласындағы уәкілетті органға жоғары оқу орындарында және ғылыми ұйымдарда кадрларға қажеттілік туралы өтінім береді;
2) ЖОО жыл сайын 15 сәуірден кешіктірмей білім беру саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде философия докторларын (PhD) даярлау бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түскен және ағымдағы жылы оқуды аяқтайтын тұлғалар тізімін жібереді;
3) білім беру саласындағы уәкілетті орган жыл сайын ЖОО-ға философия докторларының (PhD) бос жұмыс орындары бар екендігі туралы ақпарат жібереді;
4) ЖОО-да философия докторларын (PhD) жұмысқа дербес бөлу жөніндегі комиссия құрылады.
15. Философия докторларын (PhD) дербес бөлу ЖОО - лар мен ғылыми ұйымдардың тиісті мамандарға деген қажеттілік туралы өтінімдеріне сәйкес білім беру саладағы уәкілетті орган ұсынған құжаттар мен ақпарат негізінде жүзеге асырылады.
16. Жас мамандарды және философия докторларын (PhD) дербес бөлу кезінде:
1) тұрақты тұратын орны немесе сонда бөлген дұрысырақ болатын елді мекен;
2) Заңмен және осы Қағидамен көзделген бірінші кезекте бөлу құқығын беретін жағдайлардың болуы;
3) осы Қағидамен белгіленген, жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен босататын немесе жұмысты өтеу жөніндегі міндетті орындау мерзімін кері шегеретін жағдайлардың болуы ескеріледі.
Жас маман тұрақты тұратын жерде бос жұмыс орны болмаған жағдайда ол жақын жердегі ауылға (селоға), кентке, ауылдық (селолық) округке, ауданға, облысқа бөлінуге жатады.
17. Мерзімдік әскери қызметке түскенде немесе шақырылғанда жас маманға жұмысты өтеу мерзіміне қызметті өтеу уақытын қоспастан қызметті өтеу уақытына жұмысты өтеу мерзімі кейін шегеріледі.
18. ЖОО-дағы оқуды бір мезгілде аяқтаған ерлі-зайыптыларға бір елді мекенде орналасқан ұйымдарда жұмыс беріледі. Егер ерлі-зайыптылардың бірі оқуын бұрын бітірсе, онда оны бөлу жалпы негіздерде жүргізіледі. Мұндай жағдайда оқуды кейін аяқтаған жұбайы (зайыбы) зайыбының (жұбайының) жұмыс орны бойынша бірінші кезекте бөлінуге құқылы.
19. Тиісті Дербес бөлу жөніндегі комиссияға дәлелді себептерсіз келмеген жас мамандар және (немесе) философия докторлары (PhD) оның қатысуынсыз бөлінеді.
20. Бірнеше жас маманды және философия докторларын (PhD) бір бос жұмыс орнына жіберуді болдырмау мақсатында Бөлу жөніндегі комиссиялар құрылған тиісті ЖОО-лардың жұмысқа жіберілген жас мамандардың және философия докторларының (PhD) бастапқы тізімдерін білім беру саласындағы уәкілетті органға жіберуі арқылы оларды бастапқы бөлу жүзеге асырылады. Мұндай фактілер анықталған жағдайда жас мамандарды және философия докторларын (PhD) бөлу білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісуден кейін жүргізіледі, бұл ретте оқу үлгерімінің орташа балы және ЖОО орналасқан жердің болжамды бөлу орнына жақындығы назарға алынады.
21. Жас мамандарды және (немесе) философия докторларын (PhD) дербес бөлу тиісті Бөлу жөніндегі комиссияның шешімімен ресімделеді, соның негізінде ЖОО осы Қағидаға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жұмысқа жолдамаларды дайындайды. Бұл ретте жас мамандарды және (немесе) философия докторларын (PhD) оларды бөлу туралы хабардар етуді жұмысқа жолдамаларды беру арқылы ЖОО жүзеге асырады.
22. Заңмен және осы Қағидамен көзделген жағдайларды қоспағанда, Заңмен көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндетін орындамағаны үшін жас маман және философия докторы (PhD) оны оқытумен байланысты бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды бір жылдың ішінде бюджетке өтейді.
23. Жас мамандардың және (немесе) философия докторларының (PhD) жұмысты өтеу мерзімі жұмыс беруші мен олардың арасында еңбек шарты жасалған күннен бастап саналады.
24. ЖОО жыл сайын 15 тамыздан кешіктірмей уәкілетті органдарға жас мамандарды және (немесе) философия докторларын (PhD) бөлу туралы ақпаратты ұсынады және бөлу жөніндегі барлық материалдарды бөлу туралы шешім қабылданған күннен бастап 15 күнтізбелік күннің ішінде білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агентіне жібереді.
25. Жас маманмен немесе философия докторымен (PhD) жасалған еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылған жағдайда жұмыс беруші еңбек шартын бұзғаннан кейін үш күнтізбелік күннен кешіктірмей тиісті растайтын құжаттарды ұсыну арқылы бұл туралы облыстың жергілікті атқарушы органына хабарлайды. Бұл ретте егер олармен жасалған еңбек шарты жұмыс беруші – заңды тұлғаның таратылуы, сондай-ақ қызметкерлер штатын немесе санын қысқарту негіздері бойынша бұзылған болса, жас мамандар және (немесе) философия докторлары (PhD) қайта бөлінуге жатады.
26. Магистратураға, резидентураға немесе докторантураға түспеген тұлғалар осы қағидаға сәйкес қайта бөлінуге жатады.


3. Өз бетімен жұмысқа тұру құқығын беру

27. Жас мамандарды дербес бөлу жөніндегі комиссияның немесе Философия докторларын (PhD) дербес бөлу жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Бөлу жөніндегі комиссиялар) шешімімен мынадай санаттар Заңда көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен босатылады:
1) жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өтеп жатқан елді мекенде немесе оған жақын орналасқан елді мекенде бос жұмыс орны болмаған адамдар;
2) І және ІІ топтағы мүгедектер;
3) одан әрі оқуға магистратураға, резидентураға, докторантураға түскен адамдар;
4) жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар, сондай-ақ оны (оларды) жалғыз тәрбиелеп отырған адамдар.
28. Бюджеттің оқытумен байланысты шығыстарын қайтарусыз Заңда көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндет:
1) жұмысты өтеу жөніндегі міндеттің орындалуына байланысты;
2) тиісті құжаттармен расталған білім алушының (жас маманның, философия докторының (PhD)) қайтыс болуына байланысты;
3) жұмысты өтеу мерзімі кезінде І, ІІ топ мүгедектігі белгіленген жағдайда;
4) оның денсаулық жағдайы бұдан әрі еңбек міндеттерін орындауға кедергі жасаған немесе басқа адамдардың денсаулығына және (немесе) еңбек қауіпсіздігіне қауіп төндірген жағдайдағы адамдарға;
5) Заңмен және осы Қағиданың 27 - тармағымен көзделген жағдайларда жұмысты өтеу жөніндегі міндетінен босатылуына байланысты тоқтатылады.
29. Осы Қағиданың 12, 17, 27 және 28 - тармақтарында көрсетілген міндеттер тиісті құжаттармен расталуға тиіс.
30. Жас мамандардың және (немесе) философия докторларының (PhD) жұмысты өтеу жөніндегі міндеттерін орындауының немесе жұмысты өтемеген жағдайда бюджеттік қаражат шығыстарының өтелуінің мониторингін жүргізу және бақылауды қамтамасыз ету білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агентіне жүктеледі.
31. Білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агенті өз құзыреті шегінде:
1) жұмысты өтеу жөніндегі міндеттерін орындауына мониторинг жүргізу мақсатында жас мамандар және философия докторлары (PhD) бойынша дерекқорды қалыптастырады және жүргізеді, ұсынылған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етеді;
2) облыстардың жергілікті атқарушы органдарының және білім беру саласындағы уәкілетті органның көмегімен Бөлу жөніндегі комиссиялар шешімдерінің орындалу мониторингін жүргізеді;
3) жас мамандар мен философия докторлары (PhD) Заңмен көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндеттерін бұзған жағдайда олардың бюджеттің оларды оқытумен байланысты шығыстарын өтеуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.

FaLang translation system by Faboba