Кәсіби сарамандардан: оқу, өндірістік және дипломалды сарамандардан өту 27.07.2017 ж. Қазақстан Республикасының «Білім» туралы Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 23.08.2012 жылғы №1080 қаулысымен бекітілген жоғары білім беру мемлекеттік стандартына және ҚР Үкіметінің 17.05.2013 жылғы №499 қаулысымен бекітілген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің типтік ережелеріне және Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрінің 29.01.2016 ж. №107 бұйрығына сәйкес ұйымдастырылады.

Мамандықтар бойынша барлық сараман түрлері оқу үрдісінің бекітілген кестесіне сәйкес жүргізіледі.

Мансап орталығы факультеттермен және кафедралармен бірлесе отырып, ведомостволық бағыныштылығы мен меншік түріне қарамастан мамандарды дайындау бағыты мен болашақ кәсіби қызметіне сәйкес сараман базаларын анықтайды. Кәсіптік сараман басталғанға дейін кем дегенде бір ай бұрын сараман базаларымен жоо мен кәсіпорын міндеттемелері айқындалған келісімшарт жасалады.

Егер 2016-2017 оқу жылының соңында университетте 628 мекемемен келісім-шарт жасалған (320 – педагогикалық мамандық бойынша, 308 – педагогикалық емес мамандық бойынша) болса, 2017-2018 оқу жылының аяғында түрлі мекемелермен және ұйымдармен келісімшарттардың саны 714 құрап отыр (379 – педагогикалық мамандықтар бойынша, 335 – педагогикалық емес мамандықтар бойынша) (1-диаграмма).

Жасалған келісімшарттардың географиялық ауқымы да кеңейген. Мәселен, Ресей Федерациясы – 1, Атырау облысының білім беру ұйымдарымен жасалған келісімшарттар саны – 70, Ақтөбе облысының білім беру ұйымдарымен – 45, Қызылорда облысы мен Алматы қаласының білім беру ұйымдарымен – 16, Атырау облысының кәсіпорындарымен және ұйымдарымен – 49, Маңғыстау облысының кәсіпорындарымен және ұйымдарымен - 27, Ақтөбе облысының кәсіпорындарымен және ұйымдарымен – 15, Астана және Алматы қалаларының ұйымдарымен – 4, Қызылорда және Қарағанды облыстарының ұйымдарымен – 15.

Мансап орталығы факультеттермен, кафедралармен бірлесе отырып, студенттерге сараман өту үшін сараман базасын толықтыру мақсатында ұйымдармен, мекемелермен келісімшарттар жасау жұмысын одан әрі жалғастыратын болады.

2017-2018 оқу жылында оқу үрдісінің бекітілген кестесіне сәйкес «Білім» дайындық бағытындағы мамандықтар бойынша білім алып жатқан 1-2 курстың 1296 студенті (2016-2017 о.ж. – 339) үздіксіз педагогикалық сараманнан өтті. Сараман базалары ретінде Орал қаласының жалпы орта білім беретін мектептері алынды.

Үздіксіз педагогикалық сараман мерзімі әртүрлі 2–8 апта аралығында.

Үздіксіз сараманнан өту кезінде 1-курс студенттері мектептің негізгі бағыттарымен, мамандықтар бойынша оқу пәнінің мемлекеттік типтік бағдарламаларымен, мектеп әкімшілігінің жұмысымен, мектеп құжаттары-мен, пән мұғалімінің, сынып жетекшісінің, мектеп психологының қызмет-терімен, мектептің материалдық-техникалық жабдықталуымен танысады. 2- курс студенттері мұғалімнің жұмыс жоспарларымен, оқу кабинеттерімен, пән бойынша сыныптан тыс шара түрлерімен, сынып жетекшісінің қызметімен, психологтық-педагогикалық диагностикалық әдістемелермен танысады.

Оқу жылы барысында мансап орталығы 1-4 курс студенттерінің сарамандарын ұйымдастыру мен өткізуге бағытталған жұмыстарды атқарды.

Есептік кезеңде мансап орталығы 1-4 курс студенттерінің сарамандарын ұйымдастыру мен өткізуге бағытталған жұмыстар атқарылды.

Мансап орталығының әдіскерлері кафедраларда өткізілген тұрақтандыру конференцияларына қатысып, сараманның мақсаты мен міндеттері, құжаттарды уақытында жинап тапсыру, одан әрі жұмысқа орналасу бойынша жасалатын қосымша келісімшарт жасау туралы ақпараттар беріп, сараманға жолдамалар таратты.

2017-2018 оқу жылында алдын-ала жасалған келісімшарттар негізінде педагогикалық мамандықтар бойынша бітіруші 3-4 курстардың 1058 студенті (2016-2017 о.ж. – 906) Орал қаласының, Батыс Қазақстан облысының, Қазақстанның басқа да аймақтарының түрлі білім беру мекемелерінде педагогикалық сараманнан өтті.

2017-2018 оқу жылында педагогикалық мамандықтар бойынша бітіруші курс студенттерін мемлекеттік педагогикалық сараманнан өту бойынша университет ректорының атына 182 сұраныс хат (2016-2017 о.ж. – 178; 2015-2016 о.ж. – 142) келіп түскен болатын. Соның ішінде 145 сұраныс хатқа кепілхат (2016-2017 о.ж. – 139; 2015-2016 о.ж. – 131) қоса тапсырылған болатын. Университет ректорының бұйрығына сәйкес 129 адам (2016-2017 о.ж. – 124; 2015-2016 о.ж. – 95) аудандық және ауылдық білім беру ұйымдарына сараманнан өтуге жіберілген болатын. 2018 жылғы 12 сәуір күні университет қабырғасында өткізілген «Жас түлектерді тарату» комиссия-сының отырысы кезінде бітіруші курс студенттерінің ішінде 134 студент (2016-2017 о.ж. – 114; 2015-2016 о.ж. – 63) нақты сараман өткен жері бойынша жұмысқа қабылданды (2-диаграмма).

Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар да өз жалғасын табатын болады. Сараман өту арқылы түлектерді жұмыспен қамту мәселесін шешу жұмыстары алда да өз оң нәтижесін береді деп сенеміз.

2017-2018 оқу жылында педагогикалық емес мамандықтар бойынша университетте білім алып жатқан 350 студент өндірістік сараманнан өткен болатын. Өндірістік сараман өту үшін сараман базасын жетекші жасалынған келісімшарттар бойынша анықтайды. Сондай-ақ студенттер өз бетінше түрлі мекемелер мен ұйымдардан сұраныс хат әкеліп, соның негізінде аталған мекемелермен жасалады да, студенттер сараманға жолданады. Сараман базалары ретінде Орал қаласының, Батыс Қазақстан облысының мекемелерімен қатар, республикамыздың басқа да өңірлерінің түрлі ұйымдары мен мекемелері тартылған болатын.

2017-2018 оқу жылында педагогикалық емес мамандықтар бойынша бітіруші курс студенттерін сараманнан өткізу бойынша университетке 153 сұраныс хат (2015-2016 о.ж. – 41; 2016-2017 о.ж. – 157) келіп түскен болатын. Соның ішінде 20 сұраныс хат (2015-2016 о.ж. – 28; 2016-2017 о.ж. – 11) одан әрі түлекті жұмысқа қабылдауға кепілдік берген. Аталған сұраныс хаттар келген студенттерге диплом алған соң жұмысқа жіберу туралы жолдама берілетін болады (3-диаграмма).

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в. компаниясы арасындағы келісім-шартқа (11.06.2012 ж.) сәйкес университет студенттері аталған компаниядан келіп түскен хаттарға сәйкес бір ай көлеміндегі сараманнан өтеді. 2017-2018 оқу жылында (қыркүйек-сәуір айлары аралығында) Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в. компаниясынан университет бойынша 15 студент сараманнан өтті.

2. Түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша атқарылған жұмыстар

2018 жылы университетті күндізгі бөлім бойынша 1058 түлек бітіріп отыр. Оның ішінде педагогикалық мамандықтар бойынша 694 түлек аяқтаса, педагогикалық емес мамандықтар бойынша түлектер саны – 364.

Оқу жылы барысында түлектерді жұмыспен қамтуға байланысты түрлі деңгейдегі шаралар өткізілді.

2017 жылдың қазан-желтоқсан айлары аралығында университеттің бітіруші курс студенттерімен түрлі кездесулер ұйымдастырылып, оларға ауылдық және қалалық жерлерде жұмыс жасау талаптары, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» «Серпін», «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» бағдарламалары туралы кеңінен айтылып, түсіндірілді.

2017 жылдың қараша-желтоқсан айлары аралығында барлық факультеттерде бітіруші курс студенттерімен кездесулер өткізіліп, оларды кәсіби сараман өту үшін жолдама беру, сараман базаларынан түскен сұраныстарды және одан әрі түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша кепілдік хаттарды рәсімдеу талаптары түсіндірілді.

2017-2018 оқу жылында университеттің бітіруші курс студенттерінің дерекқоры жасақталып, университет сайтына орналастырылды. Дерекқорда түлектердің аты-жөні, мамандығы, оқыту тілі, ата-анасының тұрғылықты жерлері, қаладағы мекен-жайлары, байланыс нөмірлері көрсетілген.

Сондай-ақ оқу жылы барысында облыстық басқармалардан алынған бос жұмыс орындары туралы мәліметтер факультеттерге таратылып, университет сайтына орналастырылды.

2017-2018 оқу жылы барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Қаржы орталығы» АҚ-мен бірлескен жұмыстар атқарылды. ҚР Үкіметінің 30.03.2012 жылғы №390 қаулысына сәйкес педагогикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім тапсырысы негізінде білім алған бакалавриаттың күндізгі және сырттай бөлім, магистратура мамандықтарының түлектеріне жұмысқа орналасу бойынша жолдамалар беріліп, қалалық және аудандық, ауылдық жерлердегі мемлекеттік білім беру ұйымдарына жұмысқа жіберілді.

Бұл бағыттағы жұмыстар, атқаралыған шаралар алдағы оқу жылында да өз жалғасына табатын болады.

3. М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дағы Жұмыс берушілер кеңесінің жұмысы

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-де Жұмыс берушілер кеңесі өз жұмысын жемісті атқарып келеді. 2017-2018 оқу жылында Жұмыс берушілер кеңесі құрамына факультеттер мен кафедралардан ұсынылған жұмыс берушілер кірді.

Түлектерді жұмыспен қамтудың тиімді жолдарын айқындау және пікір алмасу мақсатында 06.04.2018 ж. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру: мәселелер мен оларды шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Шараға 40-тан астам түрлі мекемелер қатысты, олардың ішінде Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы, Орал қалалық білім бөлімі, Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, орта және арнаулы орта білім беру ұйымдары, Дін істері басқармасы, БҚО Ішкі істер департаменті, Орал қаласының ішкі істер басқармасы, БҚО Мемлекеттік кірістер департаменті, ӨЖК «Серік» ЖШС және т.б. бар.

Дөңгелек үстел барысында Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық салаларының сұраныстары негізінде жоғары білімді кәсіби мамандарды даярлау, кәсіби сараман уақытында жас мамандарды сынақтан өткізіп, алдағы уақытта жұмысқа орналастыру, 2018 жылға жас мамандарға қажеттік мәселелері кеңінен талқыланып, оларды шешу мәселелері қарастырылды.

4. БҚМУ түлектері қауымдастығының жұмысын ұйымдастыру

М.Өтемісов атындағы БҚМУ түлектері қауымдастығы Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық ұйымы БҚМУ түлектерінің өзін-өзі басқара алатын ерікті қоғамдық ұйым болып табылады. Қауымдастық университет пен түлектер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты қалыптастыра отырып, БҚМУ түлектеріне көмек көрсетеді және білім беру қызметі нарығындағы жоо-ның орнын нығайтуға жәрдемдеседі.

Қауымдастық – қоғамдық ұйым. Қауымдастық қызметінің мерзімі шексіз. Қауымдастық өзінің қызметін Қазақстан Республикасының түрлі аймақтарында және шет елде тұратын түлектерді өз мүшелігіне тарта отырып Батыс Қазақстан облысы аумағында жүзеге асырады.

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-ды бітірген және бітіргендігі туралы диплом алғандар, магистратураны, аспирантураны, докторантураны бітірген тұлғалар, БҚМУ оқытушылары мен қызметкерлері қауымдастыққа мүше болып табылады.

М.Өтемісов атындағы БҚМУ түлектерінің қауымдастығы туралы ереже 07.07.2015 жылы университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген.

Түлектер қауымдастығы БҚМУ-дың факультеттерінде құрылады және оған жоо-ң барлық мамандықтарының өкілдері кіреді.

Түлектер қауымдастығының жұмысы аясында оқу жылы барысында факультеттерде түлектермен кездесулер ұйымдастырылады. Олар өз кезегінде дәрістер оқып, шеберлік сыныптарын өткізіп отырады.

Филология факультетінде ұйымдастырылатын ақын-жазушылардың мерейтойлық кештеріне, түрлі іс-шараларға түлектер қауымдастығының мүшелері үнемі шақырылып, қатысып отырады. 30.11.2017 ж. ұйымдастырылған «Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін меңгертудің тиімді жолдары» тақырыбындағы дәстүрлі VI облыстық семинарға факультет түлектері шақырылып, өзара тәжірибе алмасылды. Сондай-ақ жыл сайынғы факультетте ұйымдастырылатын «Тілдер күні» декадасына да облыс, қала мектептеріндегі түлектер белсенді қатысып отырады.

Тарих, экономика және құқық факультетінде оқу жылы барысында түлектер қауымдастығының жұмысы шеңберінде бірлескен жұмыстар атқарылады. Факультет түлектері ашық дәрістер, шеберлік сыныптарын, тренингтер өткізіп, дөңгелек үстелдерге қатысады. Атап айтқанда, «БҚО әкімі шаруашылығын басқару» ЖШС мемлекеттік сатып алу бойынша маманы Ұзақбай Р.С., облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ерсаев М.Б., «Диана Плюс» ЖШС менеджері Тресова А.Ж., Шыңғырлау ауданы бойнша сот төрағасы Қадырбаев М. дәрістер оқыса, БҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы әкімшілік-құқықтық бөлімінің басшысы Ташкенов Н.А. тренинг өткізді. БҚО кәсіпкерлер палатасының экономисті Молдагалиев А. экономикалық мамандықтардың студенттері үшін дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Түлектер қауымдастығы жұмысы аясында жаратылыстану-география факультетінің түлектері «ЭКО БАСТАУ" ғылыми-өндірістік орталық" ЖШС директоры Жумин С.М. және облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының әдіскері Гатауов Н.Х. шеберлік сыныптарын өткізді.

Физика-математика факультеті бойынша факультет түлегі «Batys IT» ЖШС директорының орынбасары Хамзина Р.А. «Ақпараттық жүйелер» мамандығының студенттеріне «Ақпараттық жүйелер негіздері» пәні бойынша дәріс оқыды. Сондай-ақ факультет түлектері Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының орынбасары Нагибова Г.С. мен «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалының оқытушысы Дәндібаев А. студентерге шеберлік сыныптарын өткізді.

Педагогика факультеті бойынша факультет түлектері Орал қалалық психологиялық медико-педагогикалық орталық психологы Шуйншалиева С.А. және БҚО ІІД психолог маманы Мендыгереева Э.С. студенттерге арналған шеберлік сыныптарын өткізді.

Мәдениет және өнер факультеті бойынша 24.09.2017ж. «Мәдени-тынығу жұмысы мамандығының» түлегі «Шетелдегі қазақ балалары», «Hello Қазақстан» жобаларының авторы, Қазақстан телеарнасының редакторы Шаримов Алпамыс Ускенбайұлы мәдениет және өнер факультетінің мәдени-тынығу жұмысы мамандығының студенттеріне шеберлік сынып өткізді. Бұл сыныпта қәзіргі таңдағы әлемдік продюссерлердің алатын орнымен Қазақстан шоу бизнесімен таныстырды. Сонмен қатар авторлық телевизиалық және концерттік жобаларының жазылу бағыты мен барысын түсіндірген болатын. Шеберлік сыныбына мәдени-тынығу жұмысы мамандығының 1-4 курс студенттері қатысып керемет әсер алып, теориялық тұрғыдан жетілген болатын

20.10.2017 ж. «Дәстүрлі музыкалық және орындаушылық өнер» кафедрасының түлегі, Ғ. Құрманғалиев атындағы БҚО филормониясының, Дәулеткерей атындағы оркестрінің бас домбырашысы, Республикалық байқаулардың лауреаты Бектасов Ақылбекпен факультет студенттерінің кездесу кеші өтті. Факультеттің өнерлі студенттері Нагимова Айжан мен Хойшин Алтынбек күй орындап, кеш қонағының оң бағасын алды. Өнерге жаны құмар студенттер кезекпен сұрақтарын қойып, қызықты жауаптарға риза болды. Күйші де өз кезегінде домбырамен сүйікті күйлерін орындап берді. Жастардың жанына жақын екендігін тағы бір дәлелдеген күйші студенттермен қосылып ән де айтып берді. Күйшінің көп біле бермейтін қырларынан хабардар болған кездесуге қатысушы студенттер шексіз алғыстары мен кездесуің өте пайдалы болғандығын жеткізді.

«Музыкалық білім және вокал» кафедрасының түлегі, Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияның әншісі, Македонияда өткен халықаралық конкурстың лауреаты Хайрханов Айбар Асқарұлы кафедра студенттеріне ашық дәріс оқыды. Дәріс барысында Айбар Хайырханов студенттерге дауыс ырғағын дұрыс қоюды, дауыс шығару барысындағы дем күштілігін және сахнада өз-өзін ұстаумен, актерлік шеберлік бағыттары туралы өзінің кәсіби шеберлігімен бөлісті. Сонымен қатар Италия еліне шеберлігін шындау мақсатында іс-сапарға баратыны туралы айтты.

5. «Түлектерді тарату» шарасы

2018 жылдың 12 сәуір күні М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Білім», «Өнер» және «Қызмет көрсету» дайындық бағыттарының түлектері үшін дербес бөлу, тарату шарасы өткізілді.

Шараға Батыс Қазақстан облысының, Атырау және Маңғыстау облыстарының қалалық және аудандық білім беру бөлімдерінің басшылары мен кадрлық қызмет жетекшілері, облыстық және аудандық мәдениет, архивтер және құжаттама бөлімдерінің өкілдері қатысты.

«Білім» дайындық бағыты бойынша шараға 699 студент, «Өнер» дайындық бағыты бойынша – 59, «Қызмет көрсету» дайындық бағыты бойынша 27 студент қатысты.

"Маманды жұмысқа жіберу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, квота шегінде педагогтік, медициналық және ветеринариялық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл (село) жастары қатарынан шыққан азаматтардың, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогтік және медициналық мамандықтар (бакалавриат, интернатура, резидентура, магистратура) бойынша және философия докторлары (РҺD) бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түскен білім алушы азаматтардың жұмысты өтеуі жөніндегі міндеттен босату немесе міндетті тоқтату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 390 қаулысына сәйкес университет көлемінде құрылған түлектерді дербес бөлу жөніндегі комиссияның отырыстары өткізілді. Комиссия отырысының нәтижелері:

1. Педагогикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім тапсырысының «ауылдық квота» шеңберінде білім алған 20 түлектің ішінде 3 адам отбасы жағдайына байланысты жұмыс жасаудан босатылды, 17 адам түрлі ауылдық білім беру ұйымдарына жұмысқа жолданды;

2. Педагогикалық мамандықтар бойынша (бакалавриат) мемлекеттік білім тапсырысы негізінде білім алған 66 түлектің ішінде 51 адам қалалық және ауылдық мемлекеттік білім беру ұйымдарына жұмысқа жолданды. Жанұя жағдайына байланысты 13 түлек жұмыс жасаудан босатылса, 1 адам жұмыс жасап өтеуден бас тартты. 1 түлек бос вакантты жұмыс орындарының жоқтығына байланысты «Жұмыспен қамту орталығы» ММ-не тіркеуге тұруға жіберілді.

3. «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша бітірген 145 түлектің ішінде 136 адам қалалық және ауылдық мемлекеттік білім беру ұйымдарына жұмысқа жолданды, 2 адам жұмыс жасаудан босатылса, 7 түлек бос вакантты жұмыс орындарының жоқтығына байланысты «Жұмыспен қамту орталығы» ММ-не тіркеуге тұруға жіберілді.

4. Педагогикалық мамандықтар бойынша (магистратура) мемлекеттік білім тапсырысы негізінде білім алған 22 түлектің ішінде 10 адам қалалық және ауылдық мемлекеттік білім беру ұйымдарына жұмысқа жолданды. Жанұя жағдайына байланысты 5 түлек жұмыс жасаудан босатылса, 7 түлек бос вакантты жұмыс орындарының жоқтығына байланысты «Жұмыспен қамту орталығы» ММ-не тіркеуге тұруға жіберілді.

Түлектерді жұмысқа орналастыруда БҚМУ түлектерінің ассоциациясы мен Жұмыс берушілер кеңесі де зор септігін тигізеді. Оқу жылы барысында аталған қауымдастықтар мансап орталығымен бірлесіп бітіруші курс студенттерімен кездесулер ұйымдастырады, кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдерін шақырып, сараман, тағылымдамалар өту барысы туралы талқылайды, презентациялық материалдар көрсетеді.

6. «Мансап күні» шарасы

2018 жылы 18 сәуір күні М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Спорт сарайында дәстүрлі «Мансап күні» шарасы өткізілді.

Бұл шараның басты мақсаты – педагогикалық емес мамандықтардың («Экономика», «Есеп және аудит», «Қаржы», «Туризм», «Ақпараттық жүйе», «Экология», «Құқықтану», «Дизайн» т.б.) түлектеріне жұмысқа орналасуына жәрдемдесу, жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасуына, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оларға жауап алуға, түйіндемелерін қалаған мекемелерге бір уақытта тапсыруға мүмкіндік беру.

Шараға облыстық (қалалық) жұмыспен қамту басқармаларының, облыстық (қалалық) мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармаларының, облыстық, қалалық, білім беру басқармаларының, шығармашылық орталықтардың, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в. шетелдік компаниясының, Ішкі істер басқармасының, ҚР Ұлттық банкі БҚО филиалының, ІІ деңгейлі банктердің облыстық филиалдары, Батыс Қазақстан ооблыстық және Орал қалалық соттарының, ӨЖК «Серік» ЖШС, БҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының, Дін істері басқармасының Облыстық және қалалық ішкі істер департаменттерінің, Халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің, түрлі акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестердің, биологиялық-экологиялық орталықтың, кадрлық агенттіктердің, тілдік оқыту орталықтарының, туристік фирмалардың және т.б. 60-қа жуық мекемелердің өкілдері қатысты.

Дәстүрлі жыл сайынғы «Мансап күніне» университетті үстіміздегі жылы аяқтағалы тұрған педагогикалық емес мамандықтардың 360 астам студенті қатысты. Олар өз кезегінде жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасуға, түйіндемелерін тапсырып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алуға мүмкіндік алды.

Шара салтанатты және жұмыс бөлімінен тұрды.

2018 жылдың 15 маусым күні М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде 2018 жылғы бітіруші түлектерге арналған «Мансап күні» шарасы оздырылды.

Шараның мақсаты – бітіруші түлектерге жас мамандарды қолдау, жұмысқа орналасу бағдарламалары, жаңадан кәсіп ашу мен жас кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау бағдарламалары, тұрғын үй алу, шот ашу туралы толық мағлұмат беру.

Шараға Батыс Қазақстан кәсіпкерлер палатасының менеджер-кеңесшісі Магзумов Д.З., Орал қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі Аткешов Н.Ғ., «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының кеңесшісі Сатыбалдина Г.К. арнайы қатысты.

Шараны университеттің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Т.М.Даришева сөз сөйлеп ашты. Шара барысында алғаш сөз алған «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының кеңесшісі Г.К.Сатыбалдина банк тарапынан депозиттер ашу, тұрғын үй алуға есепшот ашу, тұрғын үй заемдарын рәсімдеу, «Отбасылық пакет» салымдарының артықшылықтары мен мөлшерлемелері, несиелендіру мерзімдері туралы толық баяндап өтті.

Сөз алған Батыс Қазақстан кәсіпкерлер палатасының менеджер-кеңесшісі Д.З.Магзумов «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан өз кәсібін бастауға ниетті жас кәсіпкерлерге арналған «Бизнес бастау» бағдарламасы туралы айтып өтті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтерін басқару негіздері мен артықшылықтары туралы да мағлұмат беріп өтті. Кәсіпкерлерге палата тарапынан көрсетілетін қызмет түрлеріне: бухгалтерлік және салықтық есептер жүргізу, статистикалық есептемелер құру, кедендік рәсімдеу, заңгерлік қызметтер, маркетингтік қызметтер, мемлекеттік сатып алу, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу мәселелеріне байланысты қызмет, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы кеңес беру қызметтері туралы толық баяндалды.

Орал қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі Н.Ғ.Аткешов жергілікті жұмыспен қамту орталықтары тарапынан жастарды жұмыспен қамту саласындағы бағдарламалар туралы баяндады. Атап айтқанда, электронды еңбек биржасы, жұмысқа орналастыру бойынша тіркеуге тұру, атаулы әлеуметтік қолдау бағдарламалары, «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға» бағдарламасы, микрокредиттеу және бизнес ашуға жәрдемдесу тетіктері туралы толық ақпарат берді.

Шара барысында сондай-ақ түлектер өздерінің сұрақтарын қойып, оларға жауаптарын алды.

Шара соңында аталған бағдарламалар бойынша түлектерге үлестірме материалдар таратылды.

Қорытынды және ұсыныстар:

1. Мамандықтар бойынша барлық сараман түрлері оқу үрдісінің бекітілген кестесіне сәйкес жүргізіледі;

2. 2017-2018 оқу жылында студенттердің сараман өтулері бойынша түрлі мекемелермен және ұйымдармен келісімшарттардың саны 714 құрады.

3. 2017-2018 оқу жылында оқу үрдісінің бекітілген кестесіне сәйкес «Білім» дайындық бағытындағы мамандықтар бойынша білім алып жатқан 1-2 курстың 1296 студенті үздіксіз педагогикалық сараманнан өтті.

4. 2017-2018 оқу жылында педагогикалық мамандықтар бойынша бітіруші 3-4 курстардың 1058 студенті Орал қаласының, Батыс Қазақстан облысының, Қазақстанның басқа да аймақтарының түрлі білім беру мекемелерінде педагогикалық сараманнан өтті.

5. 2017-2018 оқу жылында педагогикалық емес мамандықтар бойынша университетте білім алып жатқан 350 студент өндірістік сараманнан өтті.

6. 06.04.2018 ж. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде жұмыс берушілермен бірлесіп «ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру: мәселелер мен оларды шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

7. 2018 жылдың 12 сәуір күні М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Білім», «Өнер» және «Қызмет көрсету» дайындық бағыттарының түлектері үшін дербес бөлу, тарату шарасы өткізілді.

8. 2018 жылы 18 сәуір күні М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Спорт сарайында дәстүрлі «Мансап күні» шарасы өткізілді.

Алдағы оқу жылында мансап орталығының жұмысын жақсарту, тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар төмендегідей ұсыныстар ұсынылады:

Ø Барлық мамандықтар бойынша сараман базаларының санын арттыру мақсатында түрлі мекемелермен, ұйымдармен, кәсіпорындармен жасалған келісімшарттар санын арттыру;

Ø Түлектерді жұмысқа орналастыру мақсатында кешенді шаралар жүйесін жасақтап жұмыстану (ірі кәсіпорындармен меморандумдар жасасу, кепіл хаттар негізінде өндірістік сараман өту үшін аудандық, ауылдық мектептерге жіберілетін студенттер санын арттыру, жұмыс берушілермен дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізу, түрлі басқармалар өкілдерімен кездесулер ұйымдастыру, т.с.с.).

FaLang translation system by Faboba